Президент: Халық 30 жыл бойы өз ықтиярын тікелей білдіре алмай келді

Парламент отырысында Тоқаев Халық кеңесі, оны құрудағы мақсаты туралы түсіндіріп өтті. Президент сөзінше, бқл кеңес тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы болмақ.
«Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді», – деді ол.
Тоқаев соңғы төрт жылда үш рет жалпыұлттық референдум болғанын атап өтіп, бұған дейінгі халықпен тікелей диалог басқаша жүргізілгенін меңзеді.
Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек», – деді Тоқаев.