Ұрланған көлік сатып алған тараздық 6,5 млн теңге өндіріп алды

Жамбыл облысында сатып алушы ұрланған автомобиль үшін төлеген 6,5 млн теңгесін сот арқылы қайтарып алды. Істі Тараз қалалық соты қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың маусым айында ер адам 2022 жылы шығарылған Hyundai Elantra автомобилін 6,5 млн теңгеге сатып алған.
Алайда арада бірнеше ай өткеннен кейін машинаны полицейлер алып қойған. Автомобиль Алматыда тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме болып шықты. Талқылау барысында шетелдік көліктің бұған дейін заңды иесінен ұрланғаны, содан кейін қайта сатылғаны анықталды.
Сонымен қатар, автомобильдің VIN-коды оның нақты сипаттамаларына сәйкес келмеген. Сот, сондай-ақ, дәл осындай VIN-коды бар ұқсас көлік Самарадағы хабарландыру сайттары арқылы сатылғанын анықтады. Бұл сату кезінде ұсынылған құжаттардың бұрыс болғанын дәлелдеді.
«Сот сатып алушының техникалық паспортта көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін автомобильді сатып алғаны туралы қорытындыға келді. Сот шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды: сатып алу-сату шарты бұзылды. Сатушы сатып алушыға 6,5 млн теңгені қайтаруға, сондай-ақ мемлекеттік баж бен өкілдің қызметіне жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттелді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, осыған дейін жетісулық азаматтың сот арқылы 17 жылдан кейін жер кезегіндегі орнын қайтарып алғаны туралы жазған едік.