Венесуэлада жойқын зілзаладан 58 мыңнан астам үй мен ғимарат қираған

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Венесуэла, зілзала, Ла-Гуайра штаты
Теңіз жағалауындағы Ла-Гуайра қалаы зілзаладан қатты зардап шекті / фото: MIGUEL MEDINA/ REUTERS

Венесуэлада 25 маусымдағы 7,5 балдық жойқын зілзаладан 58 мыңнан астам үй мен ғимарат қираған болуы мүмкін. Бұл уақытта табиғат апаты құрбандарының саны артып келеді.

Дүмпулер қайталанып жатыр

Латын Америкасындағы осы елде болған жер сілкінісінен кем дегенде 1719 адам қаза тапты. Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес 29 маусым күні осындай мәлімет жариялады, деп таратты CNN телеарнасы.

Бұған дейін АҚШ геологиялық қызметі Венесуэладағы зілзала құрбандарының саны 10 мыңнан асуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Родригестің айтуынша, жерасты дүмпулерінен кем дегенде 22 619 адам зардап шеккен. Олардың арасында 5034 адам жараланған.

Өткен аптаның сәрсенбісіндегі зілзаладан бері 609 афтершок тіркелген. Солардың бірі дүйсенбі күні таңертең жергілікті тұрғындарға айтарлықтай сезілді. Бірақ оның зардабы айтарлықтай көп болған жоқ.

Венесуэланың Ла-Гуайра қаласында зілзаладан қираған ғимарат
Ла-Гуайра қаласында қираған үй / фото: REUTERS/Gaby Oraaфото: REUTERS/Gaby Oraa

Ғарыштан алынған мәліметтер

Бұл уақытта NASA ғарыштан алынған мәліметтерді жариялады. Венесуэланың орталық және солтүстігіндегі екі жойқын дүмпуден шамамен 58 870 ғимарат зардап шеккен немесе қираған болуы мүмкін.

Жердегі өзгерістер Sentinel-1 спутнигіндегі радар көмегімен анықталған. Жасанды жер серігін Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) пайдаланып жүр.

Алайда ғарыштан алынған мұндай мәлімет Венесуэланың ресми билігі таратқан деректен әлдеқайда көп. Хорхе Родригес апаттан елде кем дегенде 855 ғимарат бүлініп, 189 ғимарат толық қирағанын айтқан.

Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда таңертең Латын Америкасындағы Венесуэлада екі жойқын зілзала болды. Шетелден мыңдаған құтқарушы осы елге көмектесуге барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен елдің халқына көңіл айтты

Сондай-ақ оқыңыз