
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова актриса Айнұр Ілиясованың «Мамский әңгіме подкастына келіп, өзінің өмірі, ана және әже болу туралы пікірлерімен бөлісті.
Айжанова қызы Айжұлдыздың әкесі қайтыс болғаннан кейінгі қиыншылық туралы айтып беріп, жалғыз қызының артынан балалы болуды армандап, екінші рет тұрмысқа шыққанын айтып берді. Екінші некесінде баласы болмағаннан кейін жұбайымен ажырасуды жөн көргенін де айтты.
«Мен екінші тұрмыста 20 жыл тұрдым. Айжұлдыз тұрмысқа шыққаннан кейін біз екі жаққа кеттік. Мен өзім де солай алдында ойлап жүргенмін. Арамызда бала болмады. Ол біреудің баласы… Бізде бала болса да, болмаса да әйелден көреміз. Обалына қалмайын деп, бір күнде шешіп, біз екі жаққа кеттік», – деді Айжанова.
Ол өзінің бұрынғы күйеуінің балалы болуын тілейтінін, оған тек жақсылық тілейтінін сөз етті. Бұған қоса, ол отбасылық әңгімені елдің алдына шығарудың қажеті жоқ екенін, қиын болса ағайын-туыспен сөйлесуге болатынын айта кетті.
Айта кетейік, бұған дейін Жанар Айжанованың қызы, актриса әрі блогер Айжұлдыз Адайбекова сәбилі болғанын жазған едік.
