Дональд Трампқа 321 гауһартаспен безендірілген алтын сақина сыйға берілді

Антверпеннің дүниежүзілік алмас орталығы (AWDC) АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай президент Дональд Трампқа 321 табиғи гауһартаспен безендірілген эксклюзивті сақина сыйлады. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.
Сақинаны антверпендік зергер әрі алмас шебері Давид Готлиб әзірлеп, жасаған. Оның дизайны Super Bowl чемпиондарының марапат сақиналарынан шабыт алып жасалған және АҚШ тәуелсіздігінің мерейтойына арналған ерекше элементтерді қамтиды.
Бұйым 18 караттық алтыннан жасалған. Ол 321 табиғи гауһартаспен қатар 75 асыл таспен безендірілген.
Сақина сондай-ақ Бельгия мен АҚШ арасындағы тарихи сауда байланысының символы саналады.
Мәлімдемеде айтылғандай, сыйлықты АҚШ-тың Бельгиядағы елшісі Билл Уайт қабылдап алған. Дипломат бұл тартуды «тамаша сақина» деп атап, АҚШ тарапы мұндай сыйға ерекше ризашылық білдіретінін айтты.
Антверпеннің дүниежүзілік алмас орталығының (AWDC) төрағасы Исидор Мёрсельдің айтуынша, АҚШ ұзақ жылдар бойы ұйымның ең маңызды сауда серіктестерінің бірі болып келеді.
«Америка Құрама Штаттары ұзақ жылдар бойы біздің ең ірі сауда серіктесіміз саналады. Антверпенде сатылатын табиғи алмаздардың едәуір бөлігі кейін америкалық зергерлер мен тұтынушыларға жеткізіледі. Бұл сақина арқылы біз екі ел арасындағы берік экономикалық байланысты атап өтуді, сондай-ақ Антверпеннің әлемдік аренадағы басты құндылықтарын – сенімді, жоғары шеберлікті және табиғи алмаздарды танытуды мақсат еттік», – деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін The New York Times басылымы АҚШ президенті Дональд Трамп отбасының қатысы бар миллиардтаған долларлық сауда келісімін әшкерелеген көлемді зерттеу жариялады.