Алматыда Гимнастика орталығы салынады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Ақорда
фото: Ақорда

Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі Гимнастика орталығы салынатын болды. Бұл туралы президент Тоқаевтың Халықаралық гимнастика федерациясының президенті (FIG) Моринари Ватанабэмен және Азия гимнастикалық одағының (AGU) президенті Абдулрахман Әл-Шатримен кездесуінде белгілі болды.

Екі тарап елімізде гимнастика спорты түрлерін дамыту және насихаттау бойынша ынтымақтастық перспективасын талқылады. Қазір Қазақстанда жергілікті залдармен қатар, ұлттық құрама жаттығатын және халықаралық жарыстар ұйымдастырылатын үш арнаулы кешен жұмыс істейді. Енді халықаралық деңгейдегі жаңа кешен салынбақ.

Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортқа көрсетіп отырған қолдауына оң баға берді.

Тоқаев Қазақстанда және әлемде гимнастика спортын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэні I дәрежелі «Достық» орденімен, ал Азия гимнастикалық одағының президенті Абдулрахман Әл-Шатриді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кетейік, осы жылы көктемде қазақстандық гимнаст Милад Карими Бакудегі Әлем кубогінің екінші медалін иеленген.

Сондай-ақ оқыңыз