Атырауда көлік қағып кеткен жеті жасар қыздың әкесі жүргізушіге кешірім берді

Атырауда Әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің маңында жол апатынан жеті жасар қыз көз жұмған.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, оқушының әкесі сотта жүргізушіні кешіретінін айтып, оған қатаң жаза тағайындауды талап етпеді.
Қайғылы оқиға 6 сәуір күні таңертең Нұрсая шағын ауданында болған. Бірінші сынып оқушысы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда оны Toyota Hiace шағын автобусы қағып кеткен. Қыз алған жарақатынан жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.
Сотта жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне себепкер болғаны үшін кінәсін толық мойындап, марқұмның отбасынан кешірім сұрады.
Қаза болған қыздың әкесі өзі де көп жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істейтінін айтып, сотталушыға ешқандай өкпесі жоқ екенін жеткізді.
«Сізді кешірдім. Жаза мәселесін соттың өз қарауына қалдырамын», – деді ол.
Сот жүргізушінің бұрын сотталмағанын, кінәсін толық мойындап, шын өкінгенін, кәмелетке толмаған балалары бар екенін және жәбірленуші тараптың қатаң жаза сұрамағанын ескерді. Оны 2 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Таяуда Павлодарда автокөлік жаяу жүргіншілерді қағып өлтірген еді.