Енді елдегі шетелдік университеттердің филиалдарына талаптар күшейеді

Қазақстанда ашылатын шетелдік оқу орындарының филиалдарына талап қатаңдатылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның сөзінше, филиалдарды тек «есеп үшін» ашуды доғарылады. Енді олардың отандық ғылымға салған шынайы үлесін бағалайды.
Қазір Қазақстанда 33 шетелдік ЖОО-ның филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті (Ресей), Аризона университеті (АҚШ), Сорбонна университеті (Франция), Лотарингия университеті (Франция), Кардифф университеті (Ұлыбритания), Де Монфорт университеті (Ұлыбритания), Бейжің тіл және мәдениет университеті (ҚХР) бар.
Бірақ жаңа ашылатын филиалдарды қатаң тексерістен өткізеді. Бағдарламаның экономика қажеттілігіне сай екенін, ал ғылыми гранттардың тиімділігі практикалық нәтижесіне қарай бағаланады.
«Сонымен қатар жоғары оқу орындары тек маман даярлайтын білім ордасы емес, жаңа білім мен технология қалыптастыратын ғылыми орталық болуы қажет. Университеттердің ғылыми әлеуетін күшейтіп, ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайту – уақыт талабы… Бүгінде ғылымның құндылығы жарияланған мақалалар санымен емес, оның өндіріске енгізілген жаңалықтарымен, экономикаға қосқан үлесімен және азаматтардың өмір сапасына тигізген нақты әсерімен өлшенеді», – деді министр мақаласында.
Инженерлік-техникалық бағытқа басымдық беру
Саясат Нұрбек өңірлік теңгерімді сақтау үшін шетелдік ЖОО-лардың филиалдарын аймақтарда көбірек ашуға басымдық бергенін атап өтті.
«Мықты университеттердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған, бұл ішкі көші-қонның тепе-теңсіздігіне және аймақтардағы кадр тапшылығына әкеліп соғады. Бұл теңсіздікті жою үшін он бес өңірлік және бес педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық артықшылық орталықтары құрылды. Бұл орталықтар талантты жастардың сапалы білім алып, өз өңірлерінің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді», – деді ол.
Одан бөлек инженерлік-техникалық бағытқа басымдық беру мәселесіне де назар аударды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, енді ұлттың менталитетін ғылым мен технологияға қарай өзгерту қажет. Министрлікке халықаралық стандарттарды ескере отырып, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу тапсырылды және бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр», – деп жазады ол мақаласында.
Айта кетейік, жақында ғана депутаттар елдегі шетелдік университеттер Қазақстан тарихын, қазақ тілін оқытуға міндеттелетінін хабарлаған еді.