Банк пен қаржы

Миллиардер Өтемұратовқа тиесілі Home Credit Bank 300 млрд теңге қарыз алады

Миллиардер Өтемұратовқа тиесілі Home Credit Bank 300 млрд теңге қарыз алады / Фото: kursiv.media коллажы

Home Credit Bank жалпы көлемі 300 млрд теңге болатын бесінші облигациялық бағдарламаны тіркеуді мақұлдады. Банк, сонымен қатар, осы бағдарлама аясында Қазақстан қор биржасында (KASE) облигациялардың үш шығарылымын орналастыруды жоспарлап отыр.

Бағдарламаның көлемі банктің меншікті капиталынан асып түседі. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Home Credit Bank капиталы 245,4 млрд теңгені құрады. Осылайша, облигациялық бағдарламаның көлемі бұл көрсеткіштен 54,6 млрд теңгеге немесе 22,2%-ға артық болды.

Бағдарлама сомасы банктің 2025 жылғы таза пайдасынан да шамамен жеті есе асып түседі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Home Credit Bank 43 млрд теңге тапты, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 23%-ға артық.

Маусым айында банктің жалғыз акционері – ForteBank – 2025 жылға дивиденд төлемеуге және пайданы алдағы уақытта дамыту үшін Home Credit Bank-тің билігінде қалдыруға шешім қабылдады.

Сәуір айында ForteBank-тің өз акционерлері де 82,3 млрд теңге көлеміндегі пайданы бөлуден бас тартты. ForteBank-тің 91% үлесі бар ең ірі акционері – миллиардер Болат Өтемұратов.

2025 жылдың соңында ForteBank қазақстандық Home Credit Bank-тің 100% акциясын еуропалық акционерлерден 273 млрд теңгеге толығымен сатып алған еді.

Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде көш бастап тұрған миллиардер. 3,7 млрд доллар дәулетімен елдегі ең бай он кәсіпкердің қатарына кіріп, 6-орынға жайғасқан. Оның бизнес активтері қаржы, телекоммуникация, девелопмент және қонақүй салаларын қамтиды. Кәсіпкердің қызметінде білім беру және қайырымдылық жобалары, сондай-ақ теннисті дамыту ерекше орын алады.