NASA Айға база салу жобасын қолға алды – 600 миллион доллар бөлінді

NASA 2028 жылдың соңына қарай Айға төрт жаңа миссия жіберу үшін Astrobotic, Firefly Aerospace және Intuitive Machines компанияларын таңдады.
Бұл миссиялар болашақта Айда тұрақты база құру бағдарламасының бір бөлігі болады.
Жобаға жалпы 600 миллион долларға жуық қаржы бөлінді. Компаниялар Ай бетіне NASA-ның ғылыми жабдықтарын жеткізеді.
NASA мәліметінше, жаңа миссиялар Айдағы ұзақ мерзімді инфрақұрылымды дамытуға және болашақта адам қатысатын экспедицияларға дайындалуға мүмкіндік береді.
Миссиялар барысында Айға үш негізгі ғылыми құрал жеткізіледі:
- SCALPSS – қону кезінде көтерілетін ай шаңының қозғалысын зерттейтін стереокамералар;
- LRA – ғарыш аппараттарының нақты орнын анықтауға көмектесетін лазерлік шағылыстырғыш;
- LETS – Айдағы радиация деңгейін өлшейтін спектрометр.
Сонымен қатар NASA Айдың оңтүстік полюсін зерттейтін жаңа роверді әзірлеу, байланыс спутниктері жүйесін құру және болашақта адамзаттың Айда тұрақты өмір сүруіне қажетті технологияларды дамыту жұмыстарын жалғастырады.
Агенттік бұл жобалар Айды игеруді жеделдетіп, болашақта Марсқа адам ұшыру бағдарламасына негіз болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, ғарыш агенттігі 2028 жылы Адамзат баласын алғаш рет Айдың Оңтүстік полюсіне қондыруды көздеп отыр.