Қайрат Боранбаев Лондон түбіндегі қымбат үйін сатты

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев
Миллиардер Қайрат Боранбаевтың шетелде жылжымайтын мүлкі баршылық / фото: fckairat.com

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев Лондонға жақын маңдағы Вирджиния-Уотер ауылында орналасқан қымбат үйін сатқан. Оны «миллиардерлер ауылы» деп те атайды.

Мәлімет «Выход к морю» телеграм-арнасында жарияланды. Ұлыбритания жылжымайтын мүліктер тізіміне сәйкес, зәулім сарайды Қазақстанда туған кәсіпкер Мира Анафина сатып алған. Келісім 2024 жылдың аяғында жасалған. Жылжымайтын мүлік қаншаға саудаланғаны әзірге белгісіз.

Мира Анафина – «Казкоммерцбанктің» бұрынғы директоры, Meridian Capital инвестиция холдингінің негізін қалаушылардың бірі Азат Әбішевтің әйелі.

Мәліметтерге қарағанда, Қайрат Боранбаев баспасөз «миллиардерлер ауылы» деп аталатын елдімекендегі үйді 2016 жылы сатып алған. Жылжымайтын мүлік үшін қанша төленгені белгісіз, бірақ құжаттарда оның 1 млн фунт стрелингтен қымбат екені айтылған. Сарапшылар зәулім сарай құнын 10-15 млн фунт стерлинг аралығында деп бағалаған.

Боранбаевтың Ұлыбританияда басқа да жылжымайтын мүлкі бар. Лондон орталығынан 30 минут жерде орналасқан шағын ауылдағы актив 25,5 млн фунт стерлинг тұрады. Ауданы 2 мың шаршы метрлік сарайда кинотеатр, бассейн, тренажер залы, сауна және спорт алаңы бар.

Мәліметтерге қарағанда, кәсіпкер Лондон қаласының өзінде тұрғын үй апартаментіне ие. Мұндағы пәтерлердің құны 155 млн фунт стрелингке бағаланған.

Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан 2020 жылы қайтыс болды.

Боранбаев 2022 жылғы 15 наурызда ұсталды. Бір жылдан соң – 2023 жылғы наурызда кәсіпкер 8 жылға сотталды. Қыркүйек айында сот оның жаза мерзімін 6 жылға дейін жеңілдетсе, қазанда бостандыққа шықты. Сот оның тергеумен келісімге келуін, кінәсін толық мойындап, мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтерін қайтарғанын ескеркен.

2026 жылғы маусымда миллионер Боранбаевтың бұрынғы компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігіне өткені мәлім болды

Сондай-ақ оқыңыз