
Қазақстанда ЖИ кадрларын дайындайтын Qazaq AI Research University іске қосылады. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
«Биыл Qazaq AI Reasearch University жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлаудың негізгі орталықтарының бірі болады. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек»,- деді ол.
Одан бөлек «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын жүзеге асыру үшін шетелдік инвестиция тартуға тапсырма берді.
«Мемлекет басшысы өз сөзінде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын қолға алудың мәні зор екенін атап өтті. Қазіргі уақытта негізгі шешімдер қабылданып, базалық инфрақұрылымның құрылысы басталды. Жасанды интеллект министрлігі «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, жобаға шетелдік капитал тарту қарқынын арттыруы қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін ғылым министрі Саясат Нұрбек AI-Enabled University индустрия университеті ашылатынын хабарлаған еді. Бұл оқу орны барлық процестерге жасанды интеллектіні енгізбекші.
.