СҚО-да жол апаты болған жерге барған медбикені мас жүргізуші ұрып тастаған

Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы орнына барған медбикеге ер адамдар күш көрсеткен. Олар қолынан, аяғынан және іш тұсынан ұрып тастаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында болған.
«Lada автокөлігі аударылып қалған соң, оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған. Алайда мамандардың жұмысына көлік ішіндегі жолаушылардың бірі кедергі келтірген. 62 жастағы ер адам мас күйінде 37 жастағы медбикеге шабуыл жасап, оның қолы, аяғы және іш тұсынан ұрған», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері ер адамды тоқтатып, заң аясында шара қолданған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Жедел медициналық жәрдем қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу барысында жол апатына түскен үш адамның да мас болғаны анықталған. Апатқа кінәлі деп танылған 52 жастағы аудан тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар ол жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қазір жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Павлодарда 10 маусымда пышақ ұстаған ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасаған еді.