Жыл соңына дейін 20 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі

Жыл соңына дейін 20 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
Айтуынша, құрылыс секторындағы жұмыс көлемі 5 айда 13,4%-ға, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін өскен. Осыған орай тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары 20 млн шаршы метрді құрайды.
Өңдеу өнеркәсібі өсім көрсетіп отыр
Өңдеу өнеркәсібінің өсуі 9%-ды құрады. Ол негізінен жаңа өндірістік қуаттарды енгізу арқылы қамтамасыз етілген.
«Биыл құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 252 млрд теңгеге 74 жоба іске қосылды», – деді министр.
«Бірыңғай терезе» жүйесі
Министр инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) «бірыңғай терезе» жүйесі енгізілгенін айтты.
Бұл арқылы инвесторлар мекемелерді аралап уақыт жоғалтпай, барлық рұқсат қағаздарын бір жерден ала алады.
Су және кәріз жүйелерін жаңғырту
Мемлекет коммуналдық мәселелерді шешу үшін арнайы ұлттық жоба әзірледі. Осы жоспар бойынша 2030 жылға дейін елдегі ескірген су жүйелері жаңартылады. Оған 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалып, 5 мың шақырым су құбыры мен 2,8 мың шақырым кәріз желісі жөнделеді.
Сонымен қатар, тағы 800 миллиард теңгеге 45 кәріз тазарту нысаны жаңадан салынып, ескілері толық жаңартылмақ.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап елде жаңа Құрылыс кодексінің нормалары күшіне енді. Оған сәйкес құрылыс компанияларына қойылатын талап қатаңдап, лицензиясы барлардың электрондық тізімі жасалады.