Қазақстанда утильалым ережесі өзгерді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Аға журналист
Қазақстанда утильалым ережесі өзгерді, бірақ бағдарлама әлі іске қосылған жоқ / Фото: pexels.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Экология министрлігі ескі көліктерді қайта өңдеуге тапсырған кезде берілетін сертификаттарды рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Kursiv.media Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда қазақстандықтар әзірге бұл сертификаттарды пайдалана алмайды, өйткені утиль алым бағдарламасы әлі іске қосылған жоқ.

Сертификаттар қалай беріледі

Жаңа ережеге сәйкес, қазақстандық автокөлік өндірушілері айына екі рет «Жасыл даму» АҚ-на отандық құрастырылған автокөліктерді сатып алушыларға берілген жеңілдіктердің өтемақысын алу үшін өтініш береді.

Бұрынғыдай, жеңілдік сертификат түрінде рәсімделеді. Оны иесі ескі көлігін қайта өңдеуге тапсырғаннан кейін алады.

Сертификатты бір жыл ішінде пайдалануға болады. Оны басқа адамға үш реттен артық беруге болмайды, ал бір автокөлікті сатып алу кезінде ең көбі екі сертификатты қолдануға рұқсат етіледі.

Сертификаттардың номиналды құны мен саны автокөлік өндірушілерінің ұсыныстары негізінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан айқындалады.

Бағдарлама әзірге іске қосылмайды

Ереже жаңартылғанымен, ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау әзірге қайта басталмайды. Құжат 2026 жылдың тамыз айының соңында күшіне енеді, алайда бұл бағдарлама бірден іске қосылады дегенді білдірмейді.

Үкімет бұған дейін ескі автокөліктерді қабылдау бағдарламасы 2024 жылдың желтоқсанында қайта іске қосылатынын мәлімдеген еді. Кейін Экология министрлігі бағдарламаның неге кешігіп жатқанын түсіндірді. Оған ескі көліктерді қабылдау және қайта өңдеумен айналысатын компаниялардың жоқтығы себеп екенін мәлімдеді. Содан бері көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы іске қосылған жоқ.

Утильалым қаражатына қатысты сұрақтар әлі де бар

Осыған дейін мәжілісте утильалымнан жиналған қаражаттың жұмсалуына қатысты мәселе көтерілген болатын. Депутат Әділ Жұбанов Экология министрі Ерлан Нысанбаевтан бұл қаржының қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын және көліктерді кәдеге жарату бағдарламасының неге әлі күнге дейін іске қосылмағанын сұрады.

Министрдің айтуынша, утильалымнан түскен қаражат қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеуге қатысты 14 бағытқа жұмсалады.

Сондай-ақ ол бұл қаражаттың жұмсалуы жыл сайын тәуелсіз аудиттен өтетінін, ал тексеру нәтижелері «Жасыл даму» АҚ-ның есептерінде жарияланатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз