Алакөл маусымға дайын ба: миллиардтар құйған жағажайда кәсіпкерлер салықтан қашып жүр

Алакөл курорттық аймағы – Қазақстандағы ең танымал әрі сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі. Соңғы жылдары мұнда демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр.
Алматы мен Талдықорғаннан арнайы келген журналистер Ақши мен Көктұма ауылдарының тыныс-тіршілігін, көл жиегіндегі инфрақұрылымның қалай жаңарғанын көріп қайтты.
Алакөлге қалай баруға болады?
Бұрын Алакөлге жету үлкен сынақ болатын. Бүгінде ұзындығы 313,5 шақырымдық Талдықорған – Үшарал және 180 шақырымдық Үшарал – Достық автожолдары толықтай қайта жаңғыртылған.
Сондай-ақ, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, жазғы маусымда Алматы мен Астанадан күн сайын субсидияланатын әуе рейстері қатынайды. Ұшу бағасы бір жаққа 20 мың теңгені құрайды. Ал теміржолды қалайтындар үшін жағалауға бет алатын 12 маусымдық пойыз бағыты ұйымдастырылған.

Жағажайдағы тазалық
Демалушылардың тарапынан «Алакөлдің суы шипалы, бірақ жағасы қоқыс» деген сын жиі айтылушы еді. Биыл жағалаудың тазалығына жауапты арнайы «Алакөл Тазалық» кәсіпорны құрылды.
Қазіргі таңда заманауи қоқыс таситын көліктер, бульдозерлер, шағын экскаваторлар мен трициклдер жұмыс істеп жүр. 49 қызметкерден тұратын топ туристік маусым қызған шақта тәулік бойы кезекшілік атқарды.
Жағажай бойында демалушылардың жайлылығы үшін 720 дана қоқыс контейнері мен жәшігі оның 250-і биыл жаңадан қосылды. 24 модульдік заманауи дәретхана (18-і Ақшиде, 4-і Көктұмада жұмыс істеп тұр) және қосымша қойылатын 45 биодәретхана.

Ескі күркелердің орнына 44 жаңа киім ауыстыру кабинасы қойылған. Көлге шығатын 7 ыңғайлы пирс (көпірше) жасалған.

Жағажайдағы қауіпсіздікті заманауи дрондар бақылайды
Алакөлдің толқыны кейде алдамшы. Сондықтан биыл қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Жағажайда бой көтерген 40 құтқару мұнарасынан мамандар су айдынын жіті бақылап отыр. Судағы шомылу аймағын белгілейтін 13 шақырымдық қалқыма белгілер суға қойылған.
Құтқару қызметінің 14 маманы 11 жүзу құралымен (4 катер және 7 металл қайық) кезекшілікте тұрса, құрлықта қоғамдық тәртіпті 50-ге жуық полиция қызметкері мен 16 қызметтік автокөлік күзетеді.

Оған қоса, аспаннан 5 заманауи дрон мен жағалауға орнатылған 39 тәулік бойғы бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті қадағалап тұр. Шағын кемелер мен катерлердің қозғалысын реттеу үшін Көліктік бақылау инспекциясының 4 инспекторы да осында жұмылдырылған.

Жазғы маусымда халық саны күрт артатындықтан, медицина саласы да күшейтілген режимге көшкен. Ақши ауылындағы медпунктке шомылу маусымы кезінде Талдықорған қаласынан қосымша 4 тәжірибелі дәрігер келіп қосылды. Олардың қарамағында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем бригадасы мен санитарлық автокөлік бар. Ал Көктұма ауылында 6 медицина қызметкері бар дәрігерлік амбулатория демалушыларға кез келген уақытта алғашқы көмек көрсетуге әзір.
Бизнеске қойылатын талаптар
Алакөлдің табиғаты мен қауіпсіздік жағдайы жақсы болғанымен, жергілікті бизнестің әлі де олқылықтары бар.
Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы Алакөлге 1,85 млн-нан астам турист келген (биыл 2 миллионнан асады деп күтілуде). Алайда, Ұлттық статистика бюросының есебінде небәрі 147 мың адам ғана көрсетілген. Кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін демалушылар санын жасырып келеді.
Ресми есеп бойынша 268 демалыс орнында тек 1210 адам жұмыс істейді мысал келтірілген (бұл әр пансионатқа 4-5 адамнан ғана келеді деген сөз). Іс жүзінде жағалауда 3000-нан астам адам еңбек етеді. Сондай-ақ, 184 демалыс орны өз жұмысшыларының санын мүлдем көрсетпеген, яғни олар заңсыз, ешқандай әлеуметтік кепілдіксіз жұмыс істеп жатыр.
320 демалыс орнының 126 салық төлеушісі бақылау-касса машинасын әлі күнге дейін қолданбай, төлемдерді қолма-қол немесе жеке аударымдармен алып отыр.
Ең қорқыныштысы – Алакөлдегі 320 демалыс үйінің тек 35-і ғана ресми санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды (рұқсат) алған. Қалғандары демалушылардың денсаулығына жауапкершілік алмай, тиісті құжатсыз жұмыс істеп жатыр.
Алакөл биыл инфрақұрылым жағынан айтарлықтай өсті: жарық тартылды, су жеткізілді, алып кәріз тазарту жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Ендігі кезек – демалыс орындарының иелерінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алакөлде туристік маусым ауқымды фестивальмен ашылған еді.