Астанада LRT жолынан өрт шықты

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Астанада LRT жолдарынан өрт шықты
Астанада LRT жолдарынан өрт шықты / фото: әлеуметтік желіден

Жақында ғана атауы «Tarlan Astana» деп өзгертілген LRT жолдарынан өрт шықты. Осыған байланысты вагондардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Есіл ауданындағы Сығанақ көшесінде LRT жолдарындағы электр кабельдері жанған.

Куәгерлердің айтуынша, рельсте қысқа тұйықталу болып, кейін түтін шыққан. Осы оқиғаға байланысты пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Желіде жарияланған видеолардан оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің мамандары жұмыс істеп жатқанын көруге болады.

«LRT мамандары электр желісін кернеуден ажыратқаннан кейін, ТЖМ қызметкерлері Vario Carbon автономды ранцтық өрт сөндіргішінің көмегімен өртті сөндірді», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Астанада LRT атауын өзгерту туралы шешім 5 маусымда қабылданған еді. Содан бері жеңіл рельсті көлік жүйесі «Тарлан Астана» деп аталып келеді.

Tarlan Astana іске қосылған сәттен бастап 3,1 млн жолаушыны тасымамалдап үлгерді. LRT жұмысы 16 мамырда іске қосылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз