Lifestyle

Балқаш көлінде туризм қалай дамып жатыр: Лепсіде заманауи үш жағажай салынбақ

фото: Жетісу облысы әкімдігі

Балқаш көлінің жағасында, Лепсі ауылының маңында еуропалық стандарттарға сай, заманауи 3 жаңа коммуналдық жағажай салынып жатыр. Kursiv Media тілшісі инфрақұрылым жұмыстарымен танысып қайтқан еді.

Алғашқы жағажай 13 шілде күні ашылады

13 шілде күні алғашқы ауқымды жағажай өз қонақтарын қабылдай бастайды. Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, 6 гектарлық аумақта орналасқан жағажайға бір уақытта 3 000 адам сыйады. Жағажайда 500 көлікке арналған кең автотұрақ дайындалған.

фото: Рауан Мутаир

Түрлі дәмханалар мен мейрамханалар шоғырланған үлкен фудкорт аймағы жұмыс істейді. Жағажайдың кіреберісі мен орталық бөлігінде арнайы модульдік ғимараттар бой көтерген. Мұнда полиция бекеті, алғашқы медициналық көмек көрсету бөлмесі, ТЖҚ (құтқарушылардың бақылау мұнарасы) және жас аналар үшін ең қажетті ана мен бала бөлмесі ашылады.

фото: Жетісу облысы әкімдігі

«Балдәурен» – балаларға арналған жағажай

Шілде айының ортасында аумағы 14 гектарды құрайтын екінші жағажайдың құрылысы басталады. Бұл жоба аясындағы ең үлкен аумақ және отбасымен, кішкентай балалармен демалуға таптырмас орын болмақ.

Жоба сызбаларында балалардың қауіпсіздігі үшін судың тереңдігі біртіндеп қана артатын арнайы шомылу аймақтары мен жағалаудағы қауіпсіз ойын алаңдарының орны нақты белгіленген. Ата-аналар балалары үшін уайымдамай, жағада күнге қыздырынып рақаттана алады.

фото: Рауан Мутаир

Күзгі жоспар: Этно-мәдени атмосфера

Күз айларында құрылысы басталатын үшінші жағажайдың аумағы 7 гектарды қамтиды.

Бұл жерде суға шомылудан бөлек, этно-мәдени бағдарламалар өтеді жеп жоспарланып отыр. Марлен Көлбаевтың айтуынша, мұнда болашақ этно-қалашықтың, серуендеу аймақтарының және мәдени шаралар өтетін ашық аспан астындағы сахналардың орны белгіленген. Жағажай этно-стильде безендіріліп, әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен ерекше колориті үйлесім табады.

Жабайы демалыс енді артта қалады

Бұрындары «жабайы» жағалау болған жерлер, енді толықтай өркениетті, инженерлік тұрғыдан мұқият есептелген кешендер болады.

Жағалауға қуатты трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылып, кабельдік желілер толық тартылған. Демек, жағажай түнде де жарық болады.

Көл жиегін қоқыстан тазарту, құмды елеу және жағалауды ретке келтіру үшін арнайы «Балқаш тазалық» мекемесі құрылды. Мұнда 38 маман бекітіліп, 22 арнайы заманауи техника (тракторлар, қоқыс таситын және су сепкіш көліктер) сатып алынған.

Саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін Лепсі ауылында жаңа теміржол вокзалы салынып жатыр. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған жатақханалар, кеңселер мен заманауи дәрігерлік амбулатория да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Лепсідегі жаңа вокзал / фото: Жетісу облысы әкімдігі

Осылайша, Балқаш өзінің алтын құмымен, шипалы суымен және жаңа мүмкіндіктерімен туристерді қабылдауға дайын.

Айта кетейік, бұған дейін Kursiv LifeStyle Алакөл жағажайларының жаңа маусымға дайындығы мен ондағы демалыс жағдайлары туралы жазған еді.