Қазақстан 01.AI компаниясымен бірлесіп ЖИ арқылы макроэкономикалық болжам жасамақ

Жарияланды 2 Шілде 2026 10:10

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан 01.AI компаниясымен бірлесіп мемлекеттік басқару мен макроэкономикалық болжам жасауға ЖИ өнімдерін енгізбек. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «01.AI» компаниясының негізін қалаушы Кай-Фу Лимен кездесіп, осы мәселені талқылаған.

Вице-премьер сыртқы факторлардың жиі өзгеруіне байланысты дәстүрлі экономикалық есептеулердің тиімсіз болып бара жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі айлық немесе жылдық талдаулар жеткілікті емес, сондықтан үкіметке күнделікті өзгерістерді ескеретін және әртүрлі сценарийлерді тексеретін бірыңғай зияткерлік модель қажет.

«01.AI» компаниясының басшысы Кай-Фу Ли ЖИ технологияларының стратегиялық шешім қабылдаудағы маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, ЖИ күрделі тапсырмаларды бірнеше минутта орындап, экономикалық дамуды болжау, тәуекелдерді азайту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ ол бұл технологияның әлемдік еңбек нарығы мен білім беру жүйесіне өзгеріс әкелетінін айтып, Қазақстанның цифрландыру бағытын қолдайтынын жеткізді.

Жиын барысында Ұлттық экономика министрлігі үшін екі нақты цифрлық шешім ұсынылды:

  1. Бизнесті тексеруді автоматтандыру жүйесі: 27 мемлекеттік органның деректерін жинақтай отырып, тәуекелдерді өзі бағалайды және тексерілетін кәсіпорындардың тізімін автоматты түрде түзеді.
  2. Экономикалық өсуді болжау платформасы: Макроэкономикалық факторлардың ел экономикасына тигізетін әсерін нақты уақыт режимінде талдайды.

Жақында Қазақстан мен 01.AI стартапы Q.AI атты бірлескен кәсіпорын құрған.

01.AI – Қытайда құрылған, жасанды интеллект саласындағы ірі әрі жылдам дамып келе жатқан стартаптардың бірі. Компания Yi атты ашық тілдік модельдерімен танымал. Соңғы жылдары 01.AI дайын AI-шешімдер жасау және басқа елдерге технологиялық тәуелсіздік бағытында көмектесуге көбірек көңіл бөле бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз