Қыркүйектен бастап Астанада ерекше балаларға арналған арнайы сыныптар ашылады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Астана ерекше балаларға арналған арнайы сыныптар ашылады
Астана ерекше балаларға арналған арнайы сыныптар ашылады / фото: ЖИ

Жаңа оқу жылынан бастап Астанадағы жалпы білім беретін мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы сыныптар ашылады. Бұл туралы kursiv.media тілшісіне Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерекше балаларға арнайы сыныптардың ашылатыны жайлы алдымен Facebook парақшасында белгілі болған еді. Ол жерде ерекше баланың анасы қызының құжаттарын Астанадағы жалпы мектептің арнайы сыныбына тапсырып қойғанын жазған.

«Ерекше қызымның құжаттарын Астанадағы жалпы мектептің арнайы 0-сыныбына тапсырып қойдық. Бұйырса, күзде мектеп табалдырығын аттайды», – деп жазды ана.

Оқу-ағарту министрлігі де ақпаратты растап отыр. Ведомствоның мәліметінше, ерекше балаларды оқыту процесі Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына сәйкес, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің пікірін ескере отырып ұйымдастырылады.

«Ресми ережелерге сай ерекше балаларды оқытудың екі жолы қарастырылған. Біріншісі – ерекше балалар жалпы сыныптарда білім ала алады, бірақ мұндай жағдайда бір сыныпта үш баладан артық болмауы тиіс және олар үлгілік немесе жеке оқу бағдарламасымен оқиды. Ал екінші жолы – баланың даму ерекшелігіне қарай арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламалары негізінде мектеп ішінен бөлек арнайы сыныптар ашылады», – делінген министрліктің жауабында.

Ананың жазуынша, мектептерде сабақты дефектолог пен логопед жүргізеді. Оқу бағдарламасы жеңілдетілген, оқу құралдары да балаларға ыңғайланып таңдалуы тиіс. Бірақ мұның бәрін әлі өз көзімен көрмегенін айтады қыздың анасы.

Сонымен қатар мектеп директоры әлі маман да жоқ екенін, бірақ күзге дейін мәселе шешілуі тиіс екенін айтты.

«Арнайы сыныптар биыл ашылып жатыр. Демек бұл мектеп үшін де, қызым үшін де жаңа тәжірибе, белгісіз жол», – дейді желі қолданушысы.

Бұл мәселеге Оқу-ағарту министрлігі келесідей жауап берді:

«Білім туралы» Заңға сәйкес, ерекше балаларды оқытуды ұйымдастыру және олардың сапалы білім алуы үшін барлық қажетті арнайы жағдайларды (соның ішінде кадрларды) жасау тікелей жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктер мен білім басқармаларының) міндеті», – деп қайырды ведомство.

Сондай-ақ оқыңыз