Экономика

Таяу Шығыстағы келіссөздер мұнай бағасын 70 долларға дейін төмендетті

Мұнай бағасы барреліне 70 долларға дейін төмендеді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік нарықта мұнай қайта арзандай бастады. Reuters дерегінше, Brent маркалы мұнай бағасы 1%-дан аса төмендеп, барреліне 70,84 долларға түсті. АҚШ-тың WTI мұнайы да арзандап, 67,75 доллар болды.

Бағаның төмендеуіне, ең алдымен, АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздер әсер етті. Кездесу Дохада өткен. Қатар тарапы келіссөздерде «оң ілгерілеу» бар екенін мәлімдеген. Нарық мұны Таяу Шығыстағы жағдай біртіндеп жұмсаруы мүмкін деген белгі ретінде қабылдады.

Мұнайдың арзандауына өндірушілер тарапынан ұсыныс та артқан. Reuters жазуынша, нарықта алдағы айларда мұнай артық болуы мүмкін деген қауіп бар. Бұған OPEC+ елдерінің тамызда өндірісті тәулігіне 188 мың баррельге арттыру жоспары да ықпал етіп отыр.

АҚШ-тағы мұнай қоры бойынша дерек те нарыққа қосымша белгі берді. Елдегі шикі мұнай қоры өткен аптада 3,8 млн баррельге азайып, 408,4 млн баррель болды. Бірақ бұл төмендеу сарапшылар күткеннен әлсіз шықты. Яғни сұраныс аса қатты өсіп кетті деуге әлі ерте.

Мұнай бағасының төмендеуі әлемдік экономика үшін екі түрлі әсер береді. Бір жағынан, бұл жанармай мен тасымал шығынын азайтып, инфляциялық қысымды бәсеңдетуі мүмкін. Әсіресе, мұнай импорттайтын елдер үшін бұл жақсы жаңалық.

Дегенмен нарықтағы жағдай әлі толық тұрақталды деуге келмейді. Инвесторлар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің жалғасын, Ормұз бұғазы арқылы тасымалдың қалай жүретінін және OPEC+ елдерінің нақты өндіріс көлемін бақылап отыр.

Қысқаша айтқанда, мұнай арзандады, себебі нарық Таяу Шығыстағы ең үлкен тәуекелдердің бірі бәсеңдеуі мүмкін деп ойлай бастады. Бірақ бұл үміт нақты келісімге айналмаса, баға қайта құбылуы ықтимал.

Тағы да оқыңыз: АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен арнайы өкіл Стив Виткофф Дохада Иран шенеуніктерімен кездесу үшін Катар астанасына барған.