«Тоқтауға құқығың жоқ»: Дастан Сәтбаев алдағы мақсаттарын айтты (видео)

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: видеодан скрин

Алматылық «Қайраттың» жас талантты ойыншысы Дастан Сәтбаев клуб медиасына эксклюзивті сұхбат беріп, өзінің болашақ жоспарлары, «Челсидегі» мақсаттарын айтты.

Жас футболшы өз сөзінде жеке басының жетістігін ғана емес, бүкіл отандық футболдың абыройын ойлайтынын жеткізді.

«Өзіме ғана емес, өзге жігіттерге де жол ашқым келеді»

Дастан Сәтбаевтың айтуынша, оның алдына қойған басты міндеттерінің бірі – еуропалық бапкерлер мен скауттардың қазақстандық футболшыларға деген көзқарасын өзгерту.

«Өзіме көпір салып қана қоймай, артымнан еретін қазақстандық жігіттерге де жол ашқым келеді. Скауттар мен бапкерлер тек Еуропаға немесе басқа құрлықтарға ғана емес, Азияға, оның ішінде Қазақстанға да назар аударып, біздің жас таланттарды тауып, тани білсе екен деймін», – деді ол.

Он жылдан кейінгі сөз

Сұхбат барысында футболшыға «Осыдан 10 жылдан кейін бұл бейнені қайта көрсең, болашақтағы өзіңе не айтар едің?» деген қызықты сұрақ қойылды. Дастан бұл сұраққа кәсіби тұрғыда жауап берді.

«Сенің бұдан да үлкен белестерді бағындыруға қауқарың жетеді, сондықтан қол жеткізген табыстармен ешқашан шектеліп қалма. Өзіңе әрдайым бүгінгі жетістігіңнен де жоғары, әлдеқайда қатал талап қоя білуің керек», – деді.

Жанкүйерлерге алғыс пен қимастық сезім

Дастан «Қайрат» сапында өткізген уақытын ерекше толқыныспен еске алды. Әсіресе, стадионға келіп, әр матчта 90, тіпті 120 минут бойы тоқтаусыз қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысы шексіз.

«Жеңісте де, жеңілісте де бізбен бірге болғандарыңыз үшін ризамын. Маған арнап ең бір ерекше, есте қалатын ұранды шығарғандарыңыз үшін рақмет. Сіздерді жақсы көремін және қатты сағынатын боламын», – деп ағынан жарылды футболшы.

Еске сала кетейік, Дастан Сәтбаев 17 маусым күні, «Қайрат» сапындағы соңғы ойынын өткізген еді. Ал 1 шілде күні Лондонға жетіп, «Челсидегі» алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.

Сондай-ақ оқыңыз