Түркістанда полицей қызмет барысында қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Полиция қызмет бабында қайтыс болды/фото: @sadenov_online

Түркістанда полицей қызмет барысында қаза тапты. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қайтыс болған қызметкердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Қонысбековтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды министр.

Айтуынша, ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетеді.

Облыс полициясының хабарлауынша, оқиға 2 шілдеде болған. Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған автокөлік жүргізушісін тоқтатпақ болған.

Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлігімен полиция қызметкері Бауыржан Қонысбеков жол апатына ұшырады. Ол апат кезінде алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда қызмет бабында қайтыс болғандардың әйеліне жәрдемақы өмір бойы төленеді. Бұл төлем әйел қайта некеге тұрған жағдайда тоқтатылады.

Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысына сәйкес, қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 40%-ы мөлшерінде төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз