
Сүт, ет, алма мен құлпынайды тұрақты тұтыну тісті нығайтып, тіс кіреукесін қорғауға көмектеседі. Стоматолог, ортодонт, медицина ғылымдарының кандидаты Мария Балакиреваның айтуынша, теңгерімді тамақтану ауыз қуысының саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
«Сондықтан күнделікті ас мәзірінде ет болуы керек. Оның құрамындағы ақуыз – жалпы ағза үшін де, тістер үшін де негізгі құрылыс материалы», – дейді маман.
Маманның айтуынша, күнделікті ас мәзірінде сүт өнімдері де болуы керек. Өйткені олардың құрамындағы кальций тіс кіреукесін нығайтуға көмектеседі.
Мария Балакирева әсіресе көкөністер мен жемістердің пайдасына тоқталды. Оның сөзінше, олар ағзаны дәрумендер мен пайдалы заттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, алма мен құлпынайдың құрамындағы табиғи қышқылдардың әсерінен тістегі қақты кетіруге де ықпал етеді.
Дәрігер сондай-ақ құрманы мөлшерден тыс тұтынбауға кеңес берді. Оның айтуынша, құрма сілекейді қоюлатып, табиғи тазарту қасиетін әлсіретуі мүмкін.
«Сондықтан күніне бір құрмадан артық жемеген жөн», – деді маман.
Сонымен қатар сарапшы қанттың тіс кіреукесіне тигізетін зиянын да еске салды.
«Жеңіл көмірсулар тістің құрылымына кері әсер етеді. Әсіресе кәмпиттер мен құрамында қанты көп басқа да тәттілер тіс кіреукесіне жабысып қалып, тіс жегісінің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай өнімдерді тұтынуды барынша азайтқан дұрыс», – деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, осыған дейін стоматолог сүйісу арқылы кариес жұқтыру қаупі жайлы түсіндіріп берген еді.