94 жастағы кейуананың 1 млн теңгесін жымқырған екеу ұсталды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Алаяқтардың басқа да қылмыстары тексеріліп жатыр / фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қарағандыда 94 жастағы кеуананың үйіне әлеуметтік қызметкер болып кіріп, 1 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен екі әйел ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды.

Полиция мәліметінше, оқиға маусым айының соңында болған. Құқық қорғау органдарына жүгінген қарт тұрғынының айтуынша, пәтеріне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келген. Олар қарт әжейдің сеніміне кіріп, ескі үлгідегі ақшаларды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған қаражаттың қайда тұрғанын сұраған.

Еш күмәнданбаған кейуана жинаған ақшасының орнын көрсеткен. Арада көп уақыт өтпей, бейтаныс әйелдер үйден шығып кеткен соң зейнеткер өзіне тиесілі 1 миллион теңгенің жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды қолға түсірді. Екеуі Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полицейлер күдіктілердің Қарағанды облысы мен елдің басқа өңірлерінде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Полиция азаматтарды, әсіресе егде жастағы туыстарын алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері туралы алдын ала ескертіп отыруға шақырады.

Айта кетейік, осы аптада ҰБТ-да көмектесемін деп 32 адамды алдап кеткен күдікті Албаниядан елге жеткізілген.

Сондай-ақ оқыңыз