Lifestyle

Бақыт Тұрман Қайрат Әділгерейді не үшін таңдағанын айтты

Фото: instagram.com/bakyt_turman, бильд-редактор: Дастан Шанай
Фото: instagram.com/bakyt_turman, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бақыт Тұрман қыздарға жар таңдау кезінде не нәрсеге баса назар аудару керек екенін айтып, кеңес берді.

Оның пікірінше, шын сүйген кезде ғана адам «шын өмір сүрдім» деп айта алады. Мысал ретінде Бақыт Тұрман Қайрат Әділгерейді қандай қасиеттері үшін ұнатқанын, жар етіп таңдағанын баяндады.  

«Қайратты таңдаған кезде мен де бір фактор болды. Қандай фактор десеңіз, тарихты жақсы біледі. Жалпы тарихты жақсы білген ер адам ақылды. Мен қазір де солай ойлаймын», – деді Бақыт Тұрман.

Екінші қасиеті – қыз бен жігіт болып жүрген кездерінде Қайраттың көбінесе жас балалармен емес, үлкен адамдармен араласатынын байқаған. Ол ұдайы үлкен адамдардың қасына барып, әңгімесін тыңдайды.

«Үлкен адамдармен үлкен адамдарша сөйлеседі. Міне, осы ұнайтын. Бұл не деген сөз? Бұл – көрегендік деген сөз. Тәрбие деген сөз. Үлкеннің сөзін тыңдай біледі деген сөз. Ұға біледі деген сөз. Мен үшін осы да талап болды. Мен соған қызықтым. Ондай жігіттерді сіз жиі кезіктіре бермейсіз», – деді Бақыт Тұрман.

Әншінің пікірінше, үйінің, көлігінің болуы, бренд киім киюі маңызды емес. Бұл жайттарға мән беріп жар таңдайтын қыздар қателеседі.

«Тіпті отбасына да қатты мән беріп керек емес. Адамның өзін таңдау керек. Ақылды, жұмыс істейтін, іскер, сөзінде тұратын, саған көңіл бөлетін жігіттерді таңдаған дұрыс. Сол жігіт сені ешқашан өлтірмейді. Шын сүйген кезде «шын өмір сүрдім» деп айта аласыз. Сүю деген керемет сезім. Сосын сені сүйетін жігітті таңдаңыз», – деді Бақыт Тұрман.

Мұның алдында Бақыт Тұрман ауызашарға баруға неге қысылып жүргенін айтып берген еді.