БҚО-да жол апатынан екі полицей қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
БҚО-да жол апатынан екі полицей қаза тапты / Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасынан екі полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлады өңірдің полиция департаменті.

Апат 3 шілдеде болған. Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полиция аға сержанты Нұрғали Әдиетов қаза тапты.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізілуде», – деп хабарлады полиция департаменті.

Полиция департаменті және ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқан қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтты.

«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полиция аға сержанты Нұрғали Әдиетовтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.

ІІМ басшысы ведомство қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

Бұған дейін 2 шілдеде Түркістанда екі патрульдік көліктің қатысуымен болған жол апатынан қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбековтің қаза тапқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз