БТА банк топ-менеджерлеріне 238 млн теңге сыйақы төлеген

Кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі «БТА банк» компаниясының топ-менеджерлері былтыр 238,4 млн теңге айлық алған. Кезінде Қазақстанның ірі банктерінің бірі болған қаржы ұйымы қазір тек өз кредиті мен инвестициялық портфелін басқарумен айналысады.
Қаржы есептілігі депозитариіндегі хабарламаға сәйкес, 2025 жылы команяның басқарма құрамына Сахилжан Дугашев, Наталья Лигинова мен Ақмарал Шұртабаева енген. Олар компанияны 2019 жылдан бері басқарып келеді.
Үш топ-менеджердің 2025 жылы алған сыйақысы 2024 жылман салыстырғанда 14 млн теңгеге өскен.
Компанияның 2024 жылғы аудитторлық есебіне сәйкес, түпкі иесі – Кеңес Рақышев.
«БТА Банк» 2015 жылы лицензиясын ерікті түрде тапсырып, банк қызметін тоқтатқан. Ал 2016 жылы Рақышев банктегі үлесін 97,79%-ға дейін жеткізді.
Екі жылдан соң, БТА Банкінің 29% акциясын «Fincraft Group» ЖШС-ның жарғылық капиталына үлес ретінде берді. Қалған акциялар пакеті сол компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. 2023 жылы Кеңес Рақышев Беларусь мемлекетіндегі БТА банкті 230 млн теңгеге сатқан.
Кеңес Рақышев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 27-орында тұр. Оның байлығы 402 млн долларға бағаланады.