Доллар бір аптада 14 теңгеге арзандады: теңге неге күшейіп жатыр

Жарияланды 3 Шілде 2026 11:25

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
доллар бір аптада айтарлықтай арзандады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
доллар бір аптада айтарлықтай арзандады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

KASE-дегі валюта саудасында теңге айтарлықтай нығайды. Бір апта бұрын, өткен жұмада доллар саудасын 485,7 теңгемен жапқан еді. Ал қазір, сағат 11:05-тегі жағдай бойынша, KASE-дегі валюта нарығында доллар 471,69 теңгеден саудаланып жатыр.

Яғни бір апта ішінде доллар шамамен 14 теңгеге арзандады. Бұл теңгенің долларға қатысты шамамен 2,9%-ға күшейгенін көрсетеді.

Доллар бағамы / фото: TradingView

Алматыдағы айырбас орындарында да осы үрдіс байқалады. Қаладағы ақша айырбастау пункттері долларды 472-473 теңге аралығында қабылдап жатыр. Ал сату бағасы 474-476 теңге шамасында.

Бір қарағанда, қазіргі жағдай түсініксіз көрінуі мүмкін. Өйткені Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті, мұнай бағасы да қысымда тұр, ал әлемдік нарықта доллардың өзі күшейіп жатыр. Әдетте мұндай факторлар теңгеге кері әсер етуі мүмкін.

Алайда Қазақстандағы валюта нарығының ерекшелігі бар. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, біздің нарықта доллар бағамы көбіне болжамнан емес, нақты келіп жатқан валюта көлемінен қалыптасады. Яғни нарықта доллар ұсынысы көбейсе, теңге күшейеді.

Оның пікірінше, қазіргі теңгенің нығаюы нарыққа валюталық өтімділіктің келуімен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, квазимемлекеттік компаниялар мен екінші деңгейлі банктер сырттан қарыз тартып, сол қаражатты ішкі нарыққа шығарған болуы ықтимал.

«Мұндай бір реттік валюталық түсімдер базалық мөлшерлеменің өзгерісінен немесе мұнай бағасының динамикасынан да күштірек әсер етуі мүмкін», – дейді Ғалым Құсайынов.

Қысқасы, сарапшы теңгенің қазіргі нығаюы ұзақмерзімді трендтен гөрі, нарыққа түскен нақты валюта көлемімен байланысты болуы ықтимал. Сондықтан алдағы күндері бағамның бағыты доллар ұсынысы мен оған деген сұраныстың қалай өзгеретініне тәуелді болады.

Тағы да оқыңыз: Бейсенбі де доллар бірден 3 теңге арзандап, 475,6 теңгені құраған еді.

Сондай-ақ оқыңыз