Елде қылмыс азайып, іздеуде жүрген 700-ге тарта адам ұсталды

Елде қылмыс саны 10%-ға азайды. ІІМ хабарлауынша, 2026 жылдың алты айында қылмыстарды ашу деңгейі де артқан.
«Ауыр және мүлікке қатысты қылмыстар, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау, қылмыстық топтардың жолын кесу және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша оң нәтиже бар. Алты айда елімізде қылмыстар саны 10%-ға төмендеді. Кісі өлтіру қылмысы 9%-ға азайды», – деп хабарлады полиция.
Жыл басынан бері 15 кісі өлтіру, 19 ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, 7 зорлау және 31 бұзақылық қылмысы ашылған.
Ұрлық 16%-ға азайған. Ұрлық жасағаны үшін 5 мыңнан астам адам ұсталып, шамамен 600 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Мал ұрлығына байланысты 119 адам ұсталып, 28 қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды.
«Алты айда іздеуде жүрген 678 адам ұсталды. Олардың 90-ы шетел аумағында ұсталған. 28 қылмыскер елге экстрадицияланды, 14 адам депортацияланды. Сонымен қатар 362 азаматтың жүрген жері анықталды», – деп хабарлады ІІМ.
Айта кетейік, Астанада биыл 3 мыңнан астам адам жоғалып кеткен. ІІМ ақпаратына қарағанда, олардың арасында кәмелетке толмағандар, ересектер және қарт адамдар бар. Кейбір азаматтар балық аулауға немесе серуендеуге шығып, кейін байланысқа шықпай қалады.