Халықаралық дау: АҚШ азаматы қазақ әйелі ұрлап кеткен ұлының өлі-тірісін білмей отыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Экранда Гарро Гийом Жозеф және адвокаты Абзал Қасымжанов / фото: Kursiv Media

АҚШ азаматы Гарро Гийом Жозеф бұрынғы әйелі Оңаева Сана алып кеткен ұлын бір жарым жылдан бері әлі таба алмай жүр. Баласының өлі не тірі екенінен хабарсыз. Ал полицияның іздеу жұмыстарынан нәтиже жоқ. Бүгін Алматыда Гарро Гийом Жозеф пен қорғаушысы Абзал Қасымжанов журналистерге баспасөз конференциясын өткізіп, мән-жайды түсіндірді.

Жоғалған ұл

Гарро Гийом Жозеф пен Оңаева Сананың оқиғасын осыған дейін жазған едік. Сана есімді Қазақстан тумасы 2020 жылы АҚШ азаматы Гарро Жозефке үйленген. 2021 жылы жұп Максимилен есімді ұлды болады. Бірақ екі жылдан кейін күйеуі әйелінен зорлық көргенін айтып, ажырасуға арыз береді. Сот әйелдің үстінен бұрын да шағым түскенін ескеріп, ұлды әкесі Гарро Жозефке қалдыру туралы шешім шығарған. 2024 жылы Сана Оңаева Наурыз мерекесіне ұлымен Қазақстанға барып келуге рұқсат сұрайды, бірақ сол күйі АҚШ-қа қайтпай қояды.

Сол уақыттан бері Жозеф бес жасар ұлы Максимиленді көрген емес. Бүлдіршінге аутизм спектрінің бұзылысы деген диагноз қойған, дәрігерлер көпшілік ортасында болуға, арнайы орталықтарға баруға кеңес берген. Бірақ Қазақстанға келгелі бері Сана Оңаева оны ешқандай медицина мекемесіне апармаған, еш жерде тіркеуде тұрмаған.

Баланы әкесіне қайтару деген сот шешімі орындалмағандықтан 2025 жылы ақпанда Алматы полиция департаменті Санаға іздеуге жариялайды. Бүгінгі күнге дейін Сананың да, ұлы Максимиленнің де қайда жүргені белгісіз.

«Қазір әкесі баланың не өлі, не тірі екенін білмей отыр. Егер ол өлі күйінде табылса үлкен халықаралық дау болады. 2025 жылы Астанадағы сот Сана Оңаева өз әрекетімен баланың мүддесіне қайшы әрекет етіп жатыр деп тапты. Бұл іс АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің бақылауында», – дейді Жозефтің қорғаушысы Абзал Қасымжанов.

Гарро Жозеф бұрынғы әйелінің неге ондай әрекетке барғанын нақты айта алмайды.

«Меніңше, ол (Оңаева Сана – ред.) анасы Ермекова Сараның ықпалымен жүр. Мен қазір онымен байланыса алмаймын, барлық жерден бұғаттап тастаған. Уатсаптан да, басқа мессенджерлерден де сөйлесе алмаймын. Сана сот баланы әкесіне қалдырғанын көтере алмады. Менің ол балаға еш құқығым жоқ деп есептейді», – дейді Гарро Гийом Жозеф.

Іздеу жұмысынан нәтиже жоқ па?

Оңаева Сана мен бес жасар Максимилен Алихан Франкоға іздеу жариялағанына бір жарым жылға жуық уақыт болды. Соңғы ақпарат бойынша, Сананың анасы Ермекова Сара АҚШ азаматтығын алған, қазір Алматыда тұрады. Сондай-ақ Ермеков Жан есімді туған ағасы бар, ол да АҚШ азаматы, қазір Америкада өмір сүреді. Басқа туыстары туралы ақпарат жоқ. Сананың қай жерде болуы мүмкін екені туралы да еш ілік жоқ.

«Біз полиция департаментімен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ іздеу жұмыстарының тиімділігіне, әсіресе, Алмалы аудандық полициясының жұмысына әкесінің де сұрақтары бар. Олар тек белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр деп жауап қайтарады», – дейді қорғаушы Абзал Қасымжанов.

Сана бұрын пайдаланған телефон нөмірін өшіріп тастаған, банк карталарын пайдаланбайды, өзгелердің картасымен жүруі мүмкін деген болжам бар. Осы мәселеге қатысты Kursiv Media полиция департаментіне сауал жолдады.

Бұл іске қатысты соңғы рет былтыр күзде баспасөз жиыны өткен еді. Сол кезде  Гарро Гийом Қазақстанда жасырынып жүрген экс-әйелінің қайда екенін айтқандарға 5 млн теңге сыйақы беруге дайын екенін айтқан. Бірақ сол уақыттан бері Оңаева Сана туралы да, бес жастағы Максимилен туралы да еш ақпарат жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз