
Оралда режиссер Жандос Құсайыновтың «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» атты фильмінің түсірілім басталды. Картина XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген Баймұхамбет және Құрманғали Қосшығұловтардың өмір жолын баяндайды.
Баймұхамбет және Құрманғали Қосшығұловтар – қазақ даласындағы алғашқы ірі кәсіпкерлердің бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, олардың тері-терсек зауыты, сабын зауыты, кірпіш зауыты, шаруашылық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт сияқты бірнеше кәсіпорындары болған.
1895 жылы олар елдегі алғашқы кондитер фабрикасын ашады. Кәсіпорынның директоры болып Баймұхамбеттің үлкен ұлы Құрманғали Қосшығұлұлы тағайындалды. Кей тарихшылар бұл фабриканы Қазақстанның тамақ өнеркәсібі саласындағы тұңғыш жобасы деп атайды. Кәсіпорында бал, қант, прәніктер, халуа, оралған шоколадтардың бірнеше түрі және кәмпиттер шығарылған.
«Біз бұған дейін батыр мен хандар, әншілер мен музыканттар туралы көптеген тарихи фильмдер түсірдік. Енді басқа кейіпкерлердің кезегі келді, олар – қазақ даласындағы алғашқы кәсіпкерлер. Бұл идеология жағынан өте маңызды жоба», – дейді картина режиссері Жандос Құсайынов kinomania-ға берген сұхбатында.


Фильм түсірілімі 27 маусымда Оралда басталды, 38 күнге жалғасады. Продюссері – Сұлтан Срайыл, ал операторы – Еркінбек Пітірәлиев. Басты рөлдерді Елжан Тұрыс, Әділ Ахметов, Ержан Нұрымбет және Берікхан Рахымжанұлы орындайды. Картина келесі жылы жарыққа шығуы керек. Арнайы мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша түсіріліп жатыр.
Айта кетейік, жақында қазақ ғалымы әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы деректі көркем фильмнің негізгі түсірілімі аяқталды. Продюссер Мая Бекбаеваның сөзінше, туынды жыл аяғына дейін жарық көруі керек.