Тасыған Ақсай өзенін бөгеу кезінде су желісі бұзылып, ауыл ауызсусыз қалды

Алматы облысында буырқанған Ақсай өзенін өз арнасына бұру кезінде су желісі зақымданып, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылы ауызсусыз қалды.
Бір тәулік бұрын, 2 шілдеде таңертең Жаңатұрмыс маңындағы «Ақсай карьері» аумағында өзен жағалауын су шайып, топырақ сырғыған. Құтқарушылар қауіп төнген тоғыз үйдің адамдарын көшірген. Тасыған Ақсай өзенін арнасына бұру барысында жергілікті су желісі зақымданғаны мәлім болды.
«Өзен суын қайта өз арнасына бұру және қалпына келтіру бағытындағы іс-шараларды жүргізу кезінде техникалық ахуалдар туындап, атап айтқанда, қалпына келтіру жұмыстары барысында осы тұстағы су желісінің зақымдану дерегі тіркелді», – деп таратты Қарасай аудандық әкімдігі.
Соның салдарынан Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары ауызсусыз қалған. Мамандар түн жарымында су желісін жөндеуге мәжбүр болған.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың айтуынша, бірнеше күнге созылған нөсерден Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар және Жамбыл аудандарында өзен суы көтерілген. Бейсенбі күні Қарасай ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған.