Health

Ғалымдар әйел миының ерлерге қарағанда неге баяу қартаятынын анықтады

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Калифорния университетінің Сан-Францискодағы кампусының ғалымдары әйел миының ерлердің миына қарағанда неге баяу қартаятынын анықтады. Бұл туралы Kursiv.media Science.org сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Бұл тұжырым тышқандарға жүргізілген зерттеу нәтижесіне негізделген. Зерттеу барысында жас ұлғайған сайын ұрғашы тышқандардың миындағы гиппокамп аймағында бұған дейін белсенді болмаған Х-хромосомадағы кейбір гендер іске қосылады. Ғалымдардың пікірінше, дәл осы құбылыс әйел миының есте сақтау және ойлау қабілетінің жас ұлғайған сайын әлсіреуіне төзімдірек болуына ықпал етуі мүмкін.

Х-хромосома мидың қартаюына қалай әсер етеді

Әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді және жас ұлғайған сайын есте сақтау мен ойлау қабілетінің әлсіреуіне азырақ ұшырайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл айырмашылыққа Х-хромосома әсер етуі мүмкін.

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Әйелдерде екі Х-хромосома болады: олардың бірі белсенді болса, екіншісі белсенді емес күйде сақталады. Ал ерлерде тек бір ғана белсенді Х-хромосома бар. Зерттеу нәтижесі қартаю кезінде гиппокамптағы Х-хромосоманың кейбір гендері бұрынғыдан өзгеше жұмыс істей бастайтынын көрсетті. Бұған дейін белсенді болмаған кейбір гендер әртүрлі жасушаларда, соның ішінде оқу мен есте сақтауға жауап беретін тісті иірім (dentate gyrus) аймағында іске қосылады.

Plp1 гені есте сақтау қабілетін сақтауға көмектесуі мүмкін

Ғалымдар Plp1 генінің қызметіне ерекше тоқталды. Бұл ген жүйке талшықтарын қорғайтын миелиннің негізгі құрамдас бөліктерінің бірін түзеді.

Зерттеу барысында Plp1 генінің белсенділігі жасы ұлғайған ұрғашы тышқандардың гиппокампында, сондай-ақ әйелдердің парагиппокамп аймағында артатыны анықталды.

Кейін зерттеушілер арнайы вирустық технологияның көмегімен жасы келген тышқандардың миындағы осы геннің белсенділігін жасанды түрде күшейткен. Нәтижесінде олардың есте сақтау және ойлау қабілеті жақсарған.

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу әйелдердің миын жасқа байланысты когнитивтік өзгерістерден қорғайтын механизмдерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Х-хромосоманың рөлін зерттеу болашақта ми қартаюы мен нейродегенеративті ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге жол ашуы мүмкін.

Неліктен әйелдердің миы баяу қартаяды

Ғалымдардың айтуынша, әйелдер әлеуметтік немесе экономикалық жағдайына қарамастан, әдетте ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді.

Зерттеулер әйел ағзасында мидың молекулалық деңгейде қартаю үдерісі баяу жүретінін көрсеткен. Ғалымдардың пікірінше, бұл әйелдердің есте сақтау және ойлау қабілетінің жас ұлғайған сайын ұзақ сақталуына ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар зерттеушілер екінші Х-хромосоманың болуы когнитивтік функцияларды сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл Х-хромосоманың ми қызметін ұзақ уақыт қалыпты деңгейде ұстауға ықпал ететінін көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін ер адамдардың 40 жастан кейін де жас көрінуінің құпиясы туралы жазған едік.