Шымкентте кәсіпкерлер мен шенеуніктерді қорқытып, ақша бопсалаған блогер ұсталды

Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері блогер мен оның үш сыбайласын ұстады. Министрлік мәліметінше, күдіктілер кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді беделіне нұқсан келтіретін бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, ақша бопсалаған. Арнайы операция туралы ІІМ хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандардың бірі – Instagram желісінде шамамен 150 мың оқырманы бар жергілікті блогер. Оның есімі ресми хабарламада жарияланған жоқ.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерде беделге нұқсан келтіретін бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, азаматтардан ақша бопсалаумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты»,– делінген хабарламада.
Жедел іс-шаралар барысында блогердің үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп жүргені анықталды.
«Олар қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алды деп болжанған тәртіп бұзушылықтарды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған«,– деп түсіндірді ведомсвто.
Осыдан соң күдіктілер сол бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен.
Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкент прокуратурасы 5 жылға сотталған журналист Арай Есенбектің ісіне қатысты мәлімет берген болатын. Соттың хабарлауынша, 2025 жылдың қазанында журналист әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялап, әкімдік өкілінен өзімен 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу шартын жасауды талап еткен.