Health

Темекіні тастау өмірді қанша жылға ұзартады

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Темекіден бас тарту – денсаулықты жақсарту үшін қабылданатын ең маңызды шешімдердің бірі. Көптеген ғылыми зерттеулер темекіні тастау өмір сүру ұзақтығын арттырып, түрлі ауыр аурулардың қаупін азайтатынын дәлелдеген.

Темекіні тастаған адам қанша жылға ұзақ өмір сүруі мүмкін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) мәліметінше, темекі шегу – әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Темекі құрамында 7 мыңнан астам химиялық зат бар, олардың 250-ден астамы адам денсаулығына зиян. Соның ішінде тәуелділік тудыратын никотин де бар.

Медицина мамандарының айтуынша, темекі шегу өкпе обырының, жүрек-қан тамырлары ауруларының, тыныс алу жүйесінің созылмалы дерттерінің даму қаупін арттырып, ағзаның ерте қартаюына әкелуі мүмкін.

Зерттеулерге сәйкес, темекіден бас тартқан адамдардың ауыр сырқаттарға шалдығу қаупі төмендеп, темекі шегуді жалғастыратындарға қарағанда ұзақ өмір сүру мүмкіндігі артады.

АҚШ-та жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша:

  • 30–39 жас аралығында темекіні тастаған адамдардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 10 жылға артуы мүмкін;
  • 40–49 жас аралығында бұл әдеттен бас тартқандардың өмірі шамамен 9 жылға ұзарады.

Кейбір зерттеулер темекіден бас тарту ағзадағы оң өзгерістерді жеделдетіп қана қоймай, өмір сүру ұзақтығын бірнеше жылға арттыруы мүмкін екенін көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, мұның нақты әсері адамның жасы, денсаулық жағдайы және темекіні қанша уақыт шеккеніне байланысты болады.

«Темекіні тастағаннан кейін ағзадағы оң өзгерістер өте жылдам басталады. Соңғы темекіден кейін бір сағат ішінде қан қысымы мен жүрек соғысы қалыпқа келе бастайды. Ал бір тәуліктен соң инфаркт пен инсульттің даму қаупі төмендейді. Темекісіз өткен бір апта ағзаның жалпы сергектігін арттырады. Үш аптадан кейін жөтел басылып, никотинге деген физикалық тәуелділік жойылады», – дейді клиникалық психолог, аддиктолог, «Твой Док» платформасының сарапшысы Кирилл Фомряков.

Маманның айтуынша, темекіден бас тарту өмір сүру ұзақтығын орта есеппен үш-бес жылға арттыруы мүмкін.

Сондай-ақ ол үш айдан кейін өкпенің жұмыс көлемі ұлғайып, адамның төзімділігі арта түсетінін, ал алты айдан соң тері жасушалары жаңарып, өңнің сау әрі табиғи реңі қалпына келетінін атап өтті.

Неліктен темекіні тастау маңызды

Ең алдымен, темекіден бас тарту адамның жалпы денсаулығын жақсартады. Бірнеше аптадан кейін-ақ өкпенің жұмысы қалпына келе бастайды, жөтел мен ентігу азаяды, ағзаның төзімділігі артып, инфаркт пен инсульт қаупі төмендейді.

Еске салсақ, бұған дейін стоматолог сүйісу арқылы кариес жұғуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген еді.