
Жаздың аптап ыстығында көпшілік кондиционер мен желдеткішті жиі пайдаланады. Алайда мамандар бұл құрылғылардың өздері инфекция таратпаса да, кей жағдайда вирустардың бөлме ішінде таралуына жанама түрде ықпал етуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы академик Ройтберг клиникасының терапевті, профпатолог Светлана Бурнацкая «Газета.Ru» басылымына берген сұхбатында айтты.
Желдеткіш инфекцияның таралуына қалай әсер етеді
Дәрігердің айтуынша, желдеткіш белгілі бір бағытта ауа ағынын қалыптастырады. Соның салдарынан ауадағы ұсақ тамшылар мен аэрозольдер қозғалмай тұрған ауаға қарағанда әлдеқайда алысқа таралуы мүмкін.
Егер ауа ағынының бағыты сау адамға қарай бағытталса, вирус жұқтыру қаупі артады.
Кондиционер қаншалықты қауіпті
Маманның сөзінше, тұрмыстық кондиционерлердің көпшілігі бөлме ішіндегі ауаны ғана айналдырады және сырттан таза ауаның жеткілікті мөлшерде келуін қамтамасыз етпейді. Сондықтан науқас адам бөлген аэрозольдер бөлме ішінде таралып, ауада ұзақ сақталуы мүмкін.
Инфекция жұқтыру қаупі қай кезде жоғары
Дәрігердің айтуынша, ең жоғары қауіп ауа алмасуы нашар, жиі желдетілмейтін бөлмелерде байқалады. Мұндай жерлерде аэрозольдер уақыт өте келе жиналып, вирус жұқтыру ықтималдығын арттырады.
Инфекция қаупін қалай азайтуға болады
Дәрігер инфекцияның таралу қаупін төмендету үшін бөлмеге таза ауаның көбірек кіруін қамтамасыз етуге кеңес береді. Ол үшін терезені ашып, егер кондиционерде мұндай мүмкіндік болса, оны сырттан ауа тарту режиміне қосқан жөн. Сонымен қатар кондиционер мен желдету жүйелерінің сүзгілерін уақытылы тазалап, қажет болған жағдайда ауыстырып тұру маңызды.
«Егер кеңседе 10 адамның бірі жөтеліп отырса, ал үстел үстіндегі желдеткіштің ауа ағыны әріптестеріне қарай бағытталса, ол ауадағы ұсақ бөлшектерді алысырақ таратып, сол бағытта отырған адамдардың вирус жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай жағдайда желдеткіштің бағытын өзгертіп, бөлмеге таза ауаның келуін күшейткен дұрыс. Сондай-ақ сырқаттанған адамға бетперде киюді ұсынып, мүмкіндігінше оны жеке бөлмеге ауыстыру немесе қашықтан жұмыс істеуге жіберу қажет», – деді дәрігер.
Еске салайық, бұған дейін аптап ыстықта қатты терлеуді азайтудың жолдары туралы дәрігер кеңесімен бөліскен едік.