Алматының таулы аймақтарында сел жүруі мүмкін

Алматының таулы аймақтарында 4-5 шілде аралығында сел жүру қаупі өте жоғары. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазгидромет» осылай деп ескертті.
Мәліметке қарағанда, сенбі күні Алматы қаласында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан соғатын жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Іле Алатауының таулы аймақтарында жаңбыр жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жаңбырға ұласып, бұршақ түседі. Жел батыстан және солтүстік-батыстан соғады. Оның екпіні секундына 15-20 метр, күндіз кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
4-5 шілде аралығында нөсер жауын-шашынға байланысты таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталады.
Осыған байланысты Алматының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауға бармауға, автокөлікті ағаш түбіне қоймауға кеңес берді. Сонымен бірге әлсіз бекітілген құрылымдардың жанында тұрмауды, төтенше жағдайлар қызметінің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды ұсынады.