Месси бастаған Аргентина құрамасы Кабо-Верде футболшыларын әзер жеңді

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалдық кезеңі нағыз сенсациямен аяқтала жаздады. Аргентина құрамасы турнирдің көркін қыздырған Кабо-Вердемен кездесті.
Майами төрінде өткен тартысты ойында Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы әлем біріншілігінің басты тосынсыйына айналған Кабо-Вердені әзер жеңді. Матч тағдыры қосымша уақытта ғана шешілді. Аргентина қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Ойын әлем чемпиондарының басымдығымен басталды. 29-минутта аңызға айналған шабуылшы Лионель Месси есеп ашып, жанкүйерлерді қатты қуантты. Алайда «көк-ақтардың» қуанышы ұзаққа созылмады. Екінші таймда қорғанысқа иек артқан Кабо-Верде қарсы шабуылға көшіп, 59-минутта Дерой Дуарте таразы басын теңестіріп кетті. Негізгі уақытта фавориттер қанша тырысқанымен, Кабо-Верденің берік қорғанысын бұза алмады.
Тартысты матч овертаймға ойысты. 92-минутта Лисандро Мартинес Аргентинаны қайтадан алға шығарғанымен, 103-минутта Сидни Кабрал есепті теңестірді.
Көпшілік пенальти күткен. Дегенмен 111-минутта Кабо-Верде қорғаушысы Диней өз қақпасына автогол соғып алды.
Осылайша, Месси мен оның командасы үлкен қиындықпен 1/8 финалға жолдама алды. Ал Кабо-Верде президентінің болжамы орындалмай қалды. Енді Аргентинаны келесі кезеңде Египет құрамасы күтіп тұр. Мохаммед Салах бастаған команда Австралия құрамасын пенальтиде жеңген.
Айта кетейік, АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионатында сұрмергендер көшін Месси бастап тұр. Ол біріншілікте жеті гол соқты. Француз шабуылшысы Килиан Мбаппе одан бір голға қалып тұр.