Қазақстан құрамасына шақырылған бапкер Роналдуды жаттықтыратын болды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Бапкер Анге Постекоглу Қазақстан емес, Роналдуды жаттықтырады
5 млн доллар айлық сұраған бапкер Қазақстанға келмейтін болды / фото: REUTERS/Chris Radburn

Футбол әлемінде күтпеген ауыс-түйіс болды. Жақында ғана Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына басты үміткер атанған Анге Постекоглу маңызды таңдау жасады

Танымал бапкер Анге Постекоглу мансабын Қазақстанда емес, Сауд Арабиясында жалғастыратын болды. Кезінде «Тоттенхэм» мен «Селтикті» баптаған маман португалиялық жұлдыз Криштиану Роналду өнер көрсететін «Әл-Наср» клубының тізгінін ұстады.

Ақша жетпеді

Талғат Байсуфинов қызметкен кеткен соң Қазақстан футбол федерациясы босаған орынға әлемдік деңгейдегі маман іздеген. Федерация бас хатшысы Скотт Мунның «Тоттенхэмде» бірге жұмыс істеген ескі танысын Қазақстанға шақыру идеясы жанкүйерлер көңілінен шыққан. Екі тарап арасында ресми келіссөз жүріп жатқаны мәлім болған.

Алайда оның Қазақстанға келуіне бапкердің қаржы талабы кедергі жасады. Постекоглу ұлттық құраманы жаттықтыру үшін жылына 5 млн доллар еңбекақы сұраған. Қомақты қаражатты ел футболының бюджеті көтере алмайтындықтан, федерация келіссөзді тоқтатуға мәжбүр болды.

Арабтар байлығы және Роналду

Қазақстанмен арада келісім сәтсіздікке ұшыраған соң австралиялық маманға Сауд Арабиясынан ұсыныс түсті. Қаржы мүмкіндігі шексіз «Әл-Наср» клубы Постекоглу талаптарының бәрін орындап, оны ресми түрде бас бапкер етіп тағайындады.

Енді тәжірибелі маманның алдында үлкен міндет тұр. Ол клубты Азия Чемпиондар лигасы мен ішкі біріншілікте жеңіске жеткізіп қана қоймай, футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі – Криштиану Роналдумен ортақ тіл табыса алуы тиіс.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері орны әлі бос тұр. Естеріңізге сала кетейік, 57 жастағы Талғат Байсуфиновтің ұлттық құрамадан кеткені 22 маусымда мәлім болған. Бір күн бұрын ол басқа бір қызметке орналасқаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз