Әскери қызметшілер цифрлық жүйе арқылы шағым түсіре алады

Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған өтініштер берудің цифрлық жүйесі енгізілді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа сервис Бас әскери прокуратура үйлестіретін «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында іске қосылды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жүйе әскери қызметшілердің құқықтық қорғалуын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдардағы «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Әскери қызметшілер цифрлық жүйе арқылы қол жұмсау, ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және басқа да заңсыз әрекеттер фактілері туралы жедел хабарлай алады.
Өтініштерге дер кезінде ден қою үшін Қарулы Күштердің Бас әскери полиция басқармасында бірыңғай «Жедел желі» Call-орталығы жұмыс істейді. Ведомство келіп түскен әрбір хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, қажетті ден қою шаралары қабылданатынын атап өтті.
«Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті өткерудің қауіпсіз жағдайларын жасауға ықпал етеді», — деді Қарулы күштердің Бас әскери полиция басқармасының профилактика бөлімінің бастығы подполковник Әділхан Қалиев.
Ол, сондай-ақ, әскери қызметшілер заңнаманың бұзылуына бейжай қарамауы тиіс екенін және заңсыз әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы қажеттігін атап өтті. Қорғаныс министрлігі өтініштерге жедел ден қою бұзушылықтарды ерте сатыда тоқтатуға және әскери ұжымдарда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Өтініштер мына нөмір бойынша қабылданады: +7 700 081 11 19.