Бублик пен Данилина Уимблдонның 1/8 финалына шықты

Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, Қазақстан құрамасының көшбасшылары Александр Бублик пен Анна Данилина Уимблдон турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Ерлер арасындағы жеке сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик үшінші айналымда жеңіске жетті. Әлемдік рейтингте 11-орында тұрған және турнирге 10-нөмірмен қатысушы отандасымыз әлемнің 19-ракеткасы әрі жарыстың 17-сі американдық Фрэнсис Тиафомен кездесті.
Матч бес сетке созылып, Александрдың пайдасына 4:6, 7:6 (7:5), 7:6 (13:11), 4:6, 6:3 есебімен аяқталды. Теннисшілер кортта төрт сағат 10 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Бублик 48 эйс жасап, алты қателік жіберді және қол жеткізген 10 брейк-поинттің біреуін сәтті пайдаланды.
Ширек финалға шығу үшін Александр әлемнің жетінші ракеткасы американдық Тэйлор Фрицке қарсы ойнайды.

Әйелдер арасындағы жұптық сында Қазақстанның үздік теннисшісі Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Уимблдон-2026 турнирінің 1/8 финалына шықты.
Екінші айналымда қазақстандық-сербиялық дуэт украиналық тандем Ангелина Калинина мен Даяна Ястремскаямен кездесті. Текетірес үш сетке созылып, 2:6, 6:4, 6:0 есебімен Анна мен Александраның жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер кортта бір сағат 47 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Данилина серіктесімен бірге бір рет тікелей ұпай беретін соққы (эйс) жасап, алты қателік жіберді және қол жеткізген 13 брейк-поинттің алтысын сәтті пайдаланды.
Ширек финалға шығу үшін Данилина мен Крунич Ингрид Нейл (Эстония) / Джулиана Олмос (Мексика) – Ульрикке Эйкери (Норвегия) / Куинн Глисон (АҚШ) матчының жеңімпаздарымен ойнайды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон жарысын ерте аяқтағанын жазған едік.