Тоқаев Астана күнімен құттықтап, елорданың болашағы қандай болатынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елорданың алдағы жылдардағы даму бағырына тоқталды.
Мемлекет басшысы Астананы тәуелсіз Қазақстанның жүрегі, ел үшін маңызды шешімдер қабылданатын орталық деп атады.
«Дәл осы Астанада егемен Қазақстанның жүрегі соғады. Елордамыз – Тәуелсіздіктің символы, болашаққа ұмтылған ұлттың жасампаздық қуатының көрінісі. Халқымыздың тағдырын айқындайтын маңызды шешімдердің барлығы осы қалада қабылданады», – делінген құттықтауда.
Президенттің айтуынша, бүгінде Астана ел дамуының басты қозғаушы күштерінің біріне айналды. Қалада «ақылды қала» жүйелері енгізіліп, жаңа саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдары салынып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылып жатыр.
Тоқаев Астана күні қарсаңында Халықтық Конституцияның күшіне енгенін тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, бұл билік пен қоғам институттарын жаңғыртуға жол ашып, елорданың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі мәртебесін күшейтті.
Президент Астана алдағы уақытта жауапты азаматтыққа, «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің үлгісі болуы тиіс екенін айтты.
Сөз соңында Президент елорда тұрғындарына амандық, табыс тілеп, Астананың одан әрі гүлдене беретініне сенім білдірді.
Мұның алдында Тоқаев қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтаған еді.