
2026-2027 жылдары елімізде жеті әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен хабарлады.
Биыл елімізде күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Ал 2027 жылы үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, сондай-ақ киберспорт пен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары ұйымдастырылмақ.
2027 жылы болатын әлем біріншіліктерінің барлығы Астанада өтеді. Атап айтқанда, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28-31 қаңтар аралығында, бокстан әлем чемпионаты 10-26 сәуірде, үстел теннисінен әлем чемпионаты 22-30 мамырда, дзюдодан әлем чемпионаты 1-14 маусымда, ал таеквондодан әлем чемпионаты 7-13 шілде күндері өтеді. Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл – Қазақстанның спорт инфрақұрылымы мен ұйымдастырушы әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайтын маңызды жетістік. Сонымен қатар бұл әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы зор жауапкершілікті де білдіреді», – деп мәлімдейді министрлік.
Еске салайық, күрестен әлем чемпионаты 2026 жылдың 24 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Астанада «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.