Ақтау маңында бір күнде екі адам Каспий теңізіне батып кетті

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ақтау маңында бір күнде екі адам Каспий теңізіне батып кетті / Фото: shutterstock

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауының шомылуға жабдықталмаған учаскесінде екі адам суға кетті.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар 6 шілдеде Каспий теңізі жағалауында, Ақтау қаласынан 41-42 шақырым жерде тіркелген.

Бірінші жағдайда, 1984 жылы туған ер адам шомылуға жабдықталмаған жерде теңізге кіріп, батып кеткен. Оның денесін судан куәгерлер алып шықты.

Көп ұзамай бірінші оқиға болған жерге жақын маңда тағы бір қайғылы жағдай орын алғаны туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар жеткенге дейін куәгерлер судан 2012 жылы туған баланың денесін шығарған.

Сондай-ақ, куәгерлер 2018 жылы туған баланы және оның 1991 жылы туған әкесін құтқарып қалды.

«Бала Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, ал ер адам дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілді», – деп хабарлады Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді.

Ведомство өкілдері азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, олар балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдырмауды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз