Euronews енді қазақша хабар таратады

Euronews телеарнасы енді қазақша хабар таратады. Бұл туралы Тоқаевпен болған кездесуде Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид хабарлады.
Педро Давидтің айтуынша, қазақ тілі – медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан енген алғашқы тіл. Президент Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық тарата бастауын ықпалдастықтың жарқын көрінісі деп бағалады.
Тоқаев Euronews-ты оқиғаларды бейтарап жариялап, сенімді ақпарат ұсынатын медиа ресурс ретінде атап өтті. Оның сөзінше, телеарна 2024 жылы Астанада кеңсесін ашқан сәттен Қазақстан мен Орталық Азияның тыныс-тіршілігі жайында көбірек хабар тарата бастаған.
Халықаралық телеарна Қазақстандағы жұмысын екі жыл бұрын 18 желтоқсанда бастаған. Сол кезде Тоқаев Варгаспен кездесіп, Euronews Academy қазақ журналистикасын дамытуға үлес қосады деп мәлімдеген.