«ҚазТАГ» «Фридом Финанспен» медиативті келісім жасауға өтініш білдірді

Адвокат Рена Керимова «ҚазТАГ» ісі бойынша «Фридом Финанс» компаниясымен медиативті келісім жасасу туралы өтінішхат білдірді. Бұл туралы адвокат 7 шілдедегі сотта мәлімдеді.
Медиацияға өтініш білдіруге адвокат Светлана Оралбаеваның 6 шілдеде «Фридом Финанспен» жасаған келісімі себеп болған. Еске салайық, бұған дейін Светлана Оралбаева медиация аясында өзінің бұрынғы мәлімдемелерінің толықтай шындыққа жанаспайтынын мойындап, «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің басшылығын сайттың рейтингін көтеру мақсатында фактілерді әдейі бұрмалады деп айыптаған.
Сондай-ақ Оралбаева «Фридом Финанс» АҚ-ның және оның акционері Тимур Турловтың іскерлік беделіне елеулі нұқсан келтірген жағдайға өкініш білдірді. Адвокат уақыт тапшылығына байланысты өзіне берілген мәліметтер мен құжаттарды тексермегенін мойындады.
Айта кетейік, «Фридом Финанс» 6 маусымда өзінің ресми сайтында медиация арқылы «ҚазТАГ-қа» қарсы талап арызын қайтарып алуға дайын екенін хабарлады.
7 шілдеде «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевтың адвокаты Рена Керимова да медиация жасауға дайын екенін айтты.
«Егер олардың арасында шынымен медиация жасалып, оның барысында Оралбаева уақыттың тапшылығына байланысты осындай жағдай болғанын мойындаса… біз де медиацияға келуге дайынбыз», – деді ол.
Бұл өтінішхатты Әсет Матаев пен «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов те қолдады.
«Бізде әділетті Қазақстан орнағанын қалаймын. Егер мүмкіндік болса, ешкім уақытын осындай сот процестеріне жоғалтпаса екен деймін. Ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмей, өзара қолайлы келісімге келсек деймін», – деді Әсет Матаев.
Әмір Қасенов те медиацияны қолдайтынын айтты.
«Егер медиация нәтижесінде барлық талаптан толықтай бас тартса, мен бұл тақырыпта ешқандай пікір білдірмеймін әрі түсініктеме бермеймін», – деді ол.
Айта кетейік, Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі 15 маусымда басталды.
«ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.