Ресейдегі бензин дағдарысы Орталық Азиядағы қымбатшылыққа әкеп соғады – сарапшы

Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытының өртенуі Ресей ғана емес, Орталық Азияның отын нарығындағы дағдарысты одан әрі күшейтіп жіберуі мүмкін. Сарапшы Олжас Байділдиновтің пікірінше, ірі МӨЗ-дің жұмысы тоқтатса, жанар-жағармай бағасы шарықтай түседі.
Сарапшы күзге қарай отын бағасы көтеріліп, оның ізін ала азық-түлік құны шарықтап, әуе тасымалы қымбаттайды деп тұжырымдайды. Қазақстанда AИ-92 жанармайы ай сайын 2-3 теңгеге қымбаттап келеді. Бүгінде жанар-жағармай бекеттеріндегі баға 247 теңгеге жеткен. Ал Ресейде осы маркадағы отынның бір литрі 416-420 теңгеден сатылып жатыр.
Кейбір сарапшылар Қазақстандағы жанар-жағармай бағасы Ресеймен теңесуі мүмкін деген болжам жасайды.
6 шілде күні Украина Омбы мұнай өңдеу зауытына соққы жасалғанын хабарлаған. Оған дейін Орынбордағы газ өңдеу зауыты мен бірқатар инфрақұрылым өртке оранған. Соның салдарына Ресейде отын дағдарысы күшейіп барады.
Ресейдің мұнай өңдеу өнеркәсібінің ірі алыбы саналатын Омбы мұнай өңдеу зауыты 2025 жылы 22 млн тонна шикізат өңдеген. Көршілес елдегі бүкіл мұнай өңдеу зауыттары өндірген жалпы өнімнің шамамен 10 пайызын құрайды.
Дәл осы 2025 жылы бүкіл Қазақстанның мұнай өңдеу саласы бірлесе отырып 18,4 миллион тонна өнім шығарған.