Роналдуның бір кем дүниесі: Португалия Әлем чемпионатынан шығып қалды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
коллаж: Kursiv.media

Футбол аңызы Криштиану Роналду үшін 2026 жылғы Әлем чемпионаты соңғы үміт, соңғы мүмкіндік еді. Дүниежүзілік доданың 1/8 финалында Португалия құрамасы өзінің басты қарсыласы Испаниядан ұтылып, турнирмен қоштасты.

Соңғы минуттағы соққы

Далластағы стадионда өткен қос алпауыттың кездесуі аса тартысты әрі жүйке тоздыратын ойын болды.

Бірінші таймда Қос команда да барынша сақ ойнап, қорғанысқа басымдық берді. Есеп ашылмады (0-0).

Екінші таймда бапкерлер ойынды жандандыру үшін бірнеше алмасулар жасады. Португалия сапынан Рафаел Леау мен Бернарду Силва шыққанымен, испаниялықтардың қорғаныс шебін бұза алмады.

Кездесу негізгі уақыттың соңына таяғанда, 90+1 минутта Ферран Торрестің пасынан кейін Микель Мерино Португалия қақпасын дәл көздеп, есепті 0-1-ге жеткізді. Бұл гол матчтың тағдырын шешті.

Роналдуның орындалмаған арманы

Аты аңызға айналған Криштиану Роналду мансабында қол жеткізуге болатын барлық белесті бағындырды: Еуропа чемпионы атанды, Ұлттар лигасын ұтты, сан мәрте «Алтын допты» иеленді. Бірақ «Роналдуның бір кем дүниесі» – дәл осы Әлем чемпионатының кубогы болып қалмақ.

Испаниямен өткен ойыннан кейінгі Криштианудың көз жасы мен өкініші күллі футбол жанкүйерлерінің жүрегін елжіретті. Бұл оның мансабындағы соңғы Әлем чемпионаты еді.

Ал Испания құрамасы осы жеңісінен кейін турнирдің ширек финалына жолдама алып, келесі кезеңде АҚШ – Бельгия арасындағы жеңімпазымен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ширек финалға Англия мен Норвегия құрамалары шыққан еді.

Сондай-ақ оқыңыз