
Жасанды интеллект жарысы тек Nvidia-ны ғана емес, жады чиптерін шығаратын компанияларды да алға сүйреп жатыр. Reuters мәліметінше, Samsung Electronics екінші тоқсанда операциялық пайдасын шамамен 18 есе арттырып, тағы бір рекорд көрсетуі мүмкін. Негізгі драйвер – AI серверлеріне қажет DRAM және NAND жадысына сұраныстың күрт өсуі.
Samsung Electronics екінші тоқсан қорытындысында рекордтық пайда көрсетуі мүмкін. Reuters жазуынша, LSEG SmartEstimate бойынша компанияның сәуір-маусым айларындағы операциялық пайдасы 86 трлн вонға, яғни шамамен 56,35 млрд долларға жетуі ықтимал.
Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шамамен 18 есе көп. Егер болжам орындалса, Samsung қатарынан үшінші тоқсан рекордтық пайда көрсетеді.
Негізгі себеп – жады чиптерінің тапшылығы. AI модельдері, дата-орталықтар және бұлтты сервистер барған сайын көбірек есептеу қуатын қажет етеді. Ал мұндай инфрақұрылымға көп көлемде DRAM және NAND жадысы керек.
Reuters дерегінше, сұраныстың ұсыныстан асып кетуі жады чиптерінің бағасын да көтерді. DRAM бағасы орта есеппен 44%, ал NAND бағасы 53% өскен.
Тағы да оқыңыз: OpenAI АҚШ үкіметіне 5 пайыз үлесін беруді ұсынды.